Мемлекеттік тіл апталығы
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының "Бейімбет Майлин ауданы білім бөлімінің Май жалпы білім беретін мектебі"КММ-де 2024 жылдың 14-18қазан аралығында "Тіл – татулық тірегі"атты мемлекеттік тіл әдістемелік бірлестігінің апталығы ұйымдастырылды. Апталықтың іс-шаралар жоспары алдын ала құрылды.
Апталықтың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, Отанын, елін, жерін сүйе білуге, оның тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Апталық барысында әдістемелік бірлестік мұғалімдері сыныптан тыс іс-шаралар өткізді. Апталықтың бірінші күні дүйсенбілік жиында ашылу салтанаты өтті. Мұнда оқушылар қазақ тілінде өлең шумақтарын оқып, қазақтың ұлттық биін биледі. Сондай-ақ әдістемелік бірлестік жетекшісі ұстаздар мен оқушыларға апталық аясында өткізілетін барлық іс-шаралардың уақыты мен өту формасынтаныстырды және апталықтың басталуы мен өткізілетін іс-шаралар кестесі мектептің әлеуметтік парақшасында жарияланды. Барлық ұйымдастырылған шаралар «Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында, тәуелсіздік және патриотизм айының құндылықтарын дамыту шеңберінде өткізілді.
14 қазанда 1-2 сыныптарда Калмаганбетов Ж.Т ұйымдастыруымен "Қазақша сөйлесеміз!" атты біріктірілген ойын сабағы өткізілді. Ойынның мақсаты - орыс тілінде білім алатын оқушылардың өз еліне, туған жеріне, мемлекеттік тіліне деген құрмет сезімін қалыптастыру, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, оқушылардың тез ойланып, жауапты жүйелі түрде шапшаң қайтара білуге үйрету. Сыныптар біріктіріліп ұйымдастырылған іс-шараға оқушылар белсене атсалысты. Ойын соңында барлық оқушылар тәтті сыйлықтармен марапатталды.
8 сыныптарда «Іздеген табар, оқыған озар» сайысын Даулбаева К.М өткізді. Оқушылар мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігін көрсетіп, әртүрлі тапсырмалар арқылы алған білімдерін бекітті. Ағылшын, орыс тілдері әлемдік тілдер қатарына жататындықтан оқушылар олардың маңыздылығын сезінді және қазақ тілінің қадір-қасиетін ұғынды. Сабаққа Налбандян Алекс, Кузнецов Иван, Прутникова Таисия, Жайлина Айнагуль, Скворцов Артем сияқты оқушылар белсенді қатысты. Белсенділік танытқан оқушылар ынталандыру сыйлықтарын алды.
15 қазанда Абжалелова Л.И 7 сыныптарда «Тіл – достықтың тірегі» атты сайыс сабағын өткізді. Бес кезеңнен тұратын сайысқаоқушылар қызығушылықпен белсене қатысты. Іс-шара барысында оқушылар қазақ тілінен алған білімдерін көрсетті.
6 сыныптар арасында «Бақытты сәт» атты интеллектуалдық ойынын Даулбаева К.М өткізді. Оқушылар сайысқа түсіп, білімді, жан - жақты болуға бейімделіп, өзіне деген сенімділіктері артып, логикалық ойлау қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білді. Интеллектуалдық ойынға Галстян Каринэ мен Сәтбек Сезім өте белсенді қатысты.
4 сыныптарда "Қызықты қазақ тілі әлемі" атты сауал сағаты өтті. Мұнда оқушылар барынша қазақша сөйлеп, өз ойларын толық әрі анық жеткізе білуге тырысты. Сауал сағаты ойын түрінде өткізіліп, өте қызықты болды.
10-11 сынып оқушыларының арасында Дуамбекова Г.К «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалдық шоу бағдарламасының желісі бойынша сыныптан тыс танымдық ойынын өткізді. Ойын ережесіне сай алғашқы айналымда викториналық сұрақтар қойылып, 10-11 сынып оқушылары арасынан негізгі ойынға қатысушылар анықталды. Олар: Хвостенко Егор, Роот Валерия, Чучкалов Кирилл, Каверзина Ольга мен Бойко Злата. Ал қалған оқушылар көрермендер мен жанкүйерлер ретінде қатысты. Ойын қорытындысы бойынша 11 сынып оқушысы Каверзина Ольга жеңіске жетті. Ойынға қатысқан оқушылар сертификатпен және қазақша-орысша тілашар кітапшаларымен марапатталды.
Сонымен қатар Абжалелова Л.И 4-7 сыныптар арасында «Қазақтың ұлттық дәстүрлері» тақырыбында көңілді үзіліс ұйымдастырды. Мұнда оқушылар бірқатар қазақтың ұлттық салт-дәртүрлері туралы білімдерін кеңейтті. Белсенді қатысқан оқушыларға ұйымдастырушы атынан тәтті сыйлықтар берілді.
15 қазанда өзге ұлт өкілдері арасында "Қазақстанның болашағы—қазақ тілінде" атты мектепішілік байқау өтті. Төрт кезеңнен тұратын байқауға 8 мұғалім қатысты. Алғашқысында қатысушылар өздерін таныстырып, екінші бөлігінде қазақтың мақал-мәтелдері бойынша білімдерін сынады. Бұдан кейін экрандағы ұяшықтарда көрсетілген суреттер бойынша бір-бірімен жұптасып диалогқа түсті. Ең соңында бір минут ішінде жиырма сұраққа жедел жауап беру бойынша сайысты.
Қазылар алқасы байқау қатысушыларының тілді меңгеру деңгейін, жауаптарының мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалай отырып, 1 орынға орыс тілінің мұғалімі Ермолина И. В, 2 орынға кітапханашы Чайгуцкая А. В., ал 3 орынға биология пәнінің мұғалімі Крохина Е. М. лайық деп шешті.
Ұстаздардың осындай байқауға қатысып, бақ сынауы – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесі деуге болады.
16 қазанда 5-11 сыныптар арасында ұйымдастырылған «Мен Отанымды сүйемін!» эссе байқауының жұмыстарын толтыру бойынша оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, байқау жұмыстары жұмаға дейін қабылданатыны ескертілді.
Апталық жоспарына сәйкес Дуамбекова Г.К 8-11 сынып оқушылары арасында «Омпы» қазақтың ұлттық ойынын өткізіп, оқушылар үшін үзілісті көңілді етті. Оқуышлар тек ойнап қана қоймай, ұлттық ойынның мәні мен мағынасын да түсіне білді.
17 қазанда бастауыш сынып оқушыларының арасында "Қазақстан—құтты мекен" мәнерлеп оқу байқауы өтті. Аталған іс-шараға 11 оқушы қатысып, өлең жолдарын барынша мәнерлеп, нақышына келтіріп орындауға тырысты. Сайыскерлер тек өлең оқып қоймай, қазақтың ұлттық ойыны "Сақина салу" және "Ойлан,тап" ойынын асқан қызығушылықпен ойнады. Қазылар алқасының шешімімен 3 орынға Вишниченко Дмитрий, Чоткараева Амина, 2 орынға Василенко Роман, Ержанов Адиль, ал 1 орынға Глухов Богдан ие болды. Сонымен қатар, қазылар алқасы өлеңді мәнерлеп оқуда орын алған бірқатар кемшіліктер мен ұтымды тұстарға да тоқтала кетті. Жүлдегерлер мен сайысқа қатысушылар мадақтамалармен, алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Осы күні Калмаганбетов Ж.Т. 3 сыныптар арасында «Қазақтың ұлттық тағамдары мен ыдыстары» тақырыбында көңілді үзіліс ұйымдастырды. Мұнда оқушылар бірқатар қазақтың ұлттық тағамдарымен, ыдыстарымен танысты. Осы тақырыпта викториналық сұрақтарға жауап берді. Белсенді қатысқан оқушыларға ұйымдастырушы атынан тәтті сыйлықтар берілді.
18 қазанда Дуамбекова Г.К. 5 сыныпта «Тапқырлар» интеллектуалдық ойынын өткізді. Ойын топтық жұмыс түрінде ұйымдастырылды. Бес кезеңнен тұратын сайыста оқушылар өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Қойылған сұрақтарға дұрыс жауап тауып, берілген тапсырмаларды дұрыс орындап, сөздерді тез аударып, өз білімдерін ортаға салды. Ойын қызықты әрі тартымды өтті.
9 сыныптарда Абжалелова Л.И «Білгірлер отауы» атты зияткерлік ойынын өткізді. Бес кезеңнен тұратын ойынға оқушылар қызығушылықпен белсене қатысты. Іс-шара барысында оқушылар қазақ тілінен алған білімдерін көрсетті.
Апталықтың соңғы күні жоспарға сай ұйыдастырылған "Мен Отанымды сүйемін!" атты мектепішілік эссе байқауынының қорытындысы жарияланды. Эссе жұмыстарын мемлекеттік тіл мұғалімдері тексеріп белгіленген критерийлерге сәйкес бағалады. Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды Цатурян Морела, 2 орынды Гельман Ева мен Чипизубова Екатерина, ал 3 орынды Зайцева София, Лисица Ксения және Титерина Зухра иеленді. Байқау қатысушылары мадақтамалармен, алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Барлық өткізілген іс-шаралар сыныптан тыс уақытта өкізілді. Жоспарланған жұмыстарды ұйымдастыруға, безендіруге және өткізуге ӘБ мүшелері бір кісідей атсалысты.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл әдістемелік бірлестігі апталық
барысында жоспарларған барлық іс шараларды ұтымды ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді деп айтуға болады. Кез - келген жұмысты алып қарасаң да, оқушылардың тілі мен жазу, сөйлеу, оқу, тыңдау қабілеттерін дамытуға арналған. Сондай-ақ, тәрбиелік жағы мен патриоттық сезімдерін қалыптастыру жұмыстары қатар жүріп отырды.Оқушылар мемлекеттік тілде сөйлеп,ойлап,білімін көрсетуге үлкен мүмкіндік болды. Қазақ тілінде сөйлеу мен жазудың, оның тарихы мен салт-дәстүрін білудің, ұлттық құндылықтарын білудің қаншалықты маңызды екенін түсінді.